Трамп пен Нетаньяху Газа секторындағы соғысты тезірек аяқтауға уағдаласты

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. Ақ үй, Вашингтон, АҚШ, 7 сәуір, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы соғысты жедел аяқтап, араб елдерімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жөніндегі жаңа келіссөз кезеңін бастауға уағдаласты. Мұны Israel Hayom басылымы дереккөздеріне сүйеніп хабарлады.

Трамптың жоспары бойынша, Газадағы әскери әрекеттер екі апта ішінде аяқталуға тиіс, АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС тобының басшылығы биліктен шеттетіледі, ал Газа аймағын басқару Египет пен Біріккен Араб Әмірліктерін қоса алғанда төрт араб елінен құралған коалицияның қолына өтеді.

АҚШ президентінің ұсынысы бойынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап Газа секторында кепілде ұсталып отырған барлық тұтқын босатылуға тиіс, ал Газадан кетуге ниет білдірген палестиналықтарға үшінші елдерден баспана беріледі.

Бұған қоса, АҚШ "Ибрагим (Авраам) келісімін" – Израиль мен бірқатар араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жайлы шарттар – кеңейтуді көздейді. Бұл келісімге Сауд Арабиясы, Сирия, Ливан және басқа да мұсылман мемлекеттері қосылады деген болжам айтылып отыр.

Ал Израиль Палестина автономиясында реформалар жүргізілген жағдайда палестин мемлекеті құрылуы мүмкін деген нұсқаны қарастыруға келіседі. Вашингтон мұның қарымтасына Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы кейбір аумақтарға қатысты Израильдің егемендігін мойындауға әзір.

Трамп Газа секторындағы соғысты аяқтау мәселесін Нетаньяхуға қатысты қозғалған қылмыстық істерді тоқтатумен байланыстырды. Израиль премьер-министріне жемқорлыққа қатысты айып тағылып отыр.

АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісінде жазған постында Нетаньяхуға қарсы сот процесін доғаруға шақырып, премьерді қудалауды тоқтатуды жанжалды бейбіт жолмен реттеу мен кепілдегі адамдарды босатуды қамтитын кең көлемді қадамның бір бөлігі ретінде атады. Израиль саясаткерлері премьер-министр кінәсін мойындаған жағдайда оған Израиль президентінің кешірім жариялау мүмкіндігін қарастыратын идеяны Трамптың ұсынысы аясында талқылап жатыр.

Сонымен бірге, Каирде Израиль мен ХАМАС арасында Газада кепілде отырған адамдарды босату және сектордағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөз тағы да тығырыққа тірелді. Газа аумағында 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасалған шабуыл кезінде палестиналық топтар ұрлап әкеткен 50 тұтқын қалып отыр. Олардың шамамен 20 шақтысы ғана тірі деген болжам бар.